Жалпы медицина факультетінің арулары

Ибалы ару – ана, келін, ұрпақ тәрбиелеуші ғана емес, «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетер» біздің ұлттық болмысымыздың дәріптеушісі.

Сондықтан да, жалпы медицина факультетінің Студенттерінің өзін-өзі басқару ұйымы 2012 жылдың 14 наурызында ұйымдастырған «Факультет аруы – 2012» атты арулар сайысы жастарды еліне, ата-анасына, мамандығына деген патриоттыққа, инабаттылыққа, ізеттілік пен мәдениеттілікке тәрбиелейтін байқау болды.

Байқауда жалпы медицина факультетінің 1-3 курс студенттерінің арасынан сегіз Ару қыз қатысты. Арулар өздерін таныстыра білу, өз өнерін көрсету, ақыл-парасатын таразылайтын сұрақ-жауап, қолөнер кезеңдері, сахнада түріс-тұрыс, қимыл-қозғалыс үлгісі бойынша сынға түсті.

Арулардың өнерін таразылаушы әділ-қазылар алқасы –  «Asia beauty» сұлулық салонының директоры А.Абитаева; «Faberlic» косметикалық компаниясының өкілі Г.Аманова; жалпы медицина факультеті деканының орынбасары К.Т.Кашаганова; университеттің тәрбие жөніндегі басқармасының қызметкері С.Апсаттарова және жалпы медицина факультетінің 1 курс студенті «II Vice Miss Kazakhstan» Абдрахмани Арна.

Сайысты ҚазҰМУ студенттерімен бірге ҚазҰУ, Спорт және туризм академиясының студенттері және факультет студенттерінің ата-аналары тамашалады.

Сынға түскен арулардың өнері мен сұлулығы бірінен-бірі өтеді. Сонда да болса, арулардың арасынан өз өнері, парасатымен алға шыққан 2 курс, 10-033-1 тобының студенті Базаркулова Ақерке «Факультет аруы – 2012» атағына ие болды. 1 орынды – 3 курс студенті Абитаева Жансая; 2 орынды – 2 курс студенті Махажанова Салтанат; 3 орынды – 2 курс студенті Алпысбаева Күнекей иеленді. Одан кейінгі арулар 1 курс студенттері: Икрамова Асель – Сүйкімді ару, Баяуова Гульзат – Қылықты ару, Нұрбек Іңкәр – Өнерлі ару, Иса Ұлболсын – Кербез ару  атанды.

«Faberlic» косметикалық компаниясы факультеттің сайысқа түскен аруларына арнап ала келген бағалы сыйлықтарын табыс еткен болса, факультет студенттері өз аруларын гүл шоқтарымен көмкерді.

 

Жалпы медицина факультеті деканының орынбасары К.Т.Кашаганова