Кафедра тарихы

№1 хирургиялық аурулар кафедрасы 1933 жылы ұйымдастырылған. Кафедраның алғашқы меңгерушісі болып Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясының түлегі, профессор Илья Симович Баккал тағайындалды. 80-жылдан астам тарихы барысында, кафедраны медициналық білім, ғылым және тәжірибенің дамуына қомақты үлес қосқан, Республикамыздың белгілі ғалымдары А.Б. Райз, А.А. Сүлейменов, М.А. Алиев, М.Қ. Құланбаев, Ш.Н. Абдуллаев, А.Ж. Нұрмақов басқарды.

Кафедра қызметкерлерінің ғылыми мақалалары мен тезистері шетелдік баспа беттерінен жарық көрді, әдістемелік нұсқаулар, монографиялар, оқу құралдары, оқулықтар жарыққа шықты, соның ішінде хирургия пәнінен мемлекеттік тілде шыққан алғашқы оқулық та бар. Ғылыми жетістіктер денсаулық сақтау саласында тәжірибеге кеңінен енгізілді: патенттер, әдістемелік нұсқаулар, енгізу актілері бар. Кафедрада алғаш рет Республикамызда нашақорлықпен зардап шегетін науқастардағы хирургиялық патологиялардың теоретикалық және практикалық аспектілері зерттеліп, операциядан кейінгі іріңді-қабыну асқынуларының алдын алудың және емдеудің жолдары қарастырылып, тәжірибеге енгізілді. Бүгінгі күні кафедрада хирургиялық операциялардан кейінгі асқынулардың алдын алу және қосарланған жарақат алған науқастардағы диагностика мен емдеу мәселелерін жақсарту мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Тәжірибелік сабақтар бүгінгі күнгі интерактивті оқыту технологияларын қолдану арқылы жүргізіледі, ендіру актілері де бар.

Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасы және Алматы-1 станциясының темір жол ауруханалары кафедраның клиникалық базасы болып табылады. Курация жүргізетін бөлімшелерде Жетісу, Түркісіб аудандарының тұрғындарына жедел және жоспарлы хирургиялық, емдік-кеңестік көмек көрсетіледі. Кафедра қызметкерлері құрсақ және кеуде қуыстарында жасалатын шұғыл және жоспарлы хирургиялық операциялардың барлық түрлерін, соның ішінде эндовидеохирургиялық операцияларды да толық меңгерген. Соңғы 5 жылда кафедра қызметкерлері 1600 аса операция жасап, 12000 жуық науқасқа кеңес берді.

Кафедраның оқытушылық құрамы жоғары мамандандырылған хирург, педагог, ғалымдардан құралған, олардың арасында 3 медицина ғылымының докторлары, 4 медицина ғылымының кандидаттары бар.