Гистология кафедрасының тәрбие жұмысы

Ойы  озық, жетік тәрбие тереңіне үңілсек…….

С.Д Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің гистология кафедрасында тәрбие жұмысы  «тәрбие мен білім  ұштасқан » принципіне сәйкес жұмыс атқарады.

Ұлы ақын Абайдың қара сөзінде жазылғандай «Ғылым-білімді әуел бастан өзі  бала –ізденіп таппайды, басында зорлықпен яки алдаумен үйір қылу, үйрене келе өзі іздегендей болғанша» – дегендей кіші курстарда негізі қалыптасатындықтан тәрбиеге баулу, тереңдету, сапала-саналы тәрбиені қалыптастырудың негізгі бастамасы бізден басталары сөзсіз.

1 қыркүйек – білім күнінен бастап  «Жігерлен сілкін – қайраттан» насихатын ұран етіп, мәдени мінез құлықты қалыптастырып, кеңейтіп, тереңдету жолында маңызды роль атқарушы тәрбие ісінің бірі – практикалық іс-тәжірибемен байытып, студент бойындағы жақсы әдет дағдылардың мықтап орын алуы үшін түрлі деңгейде өтетін іс-шараларды жетілдіріп, жүргізіп отырамыз. Тәрбие басы дене тәрбиесі екені бәрімізге мәлім, сондықтан да серпіліс әкелетін игі-шараларды атқару біздің студенттерімізге Қазанның 15-ші жұлдызында өткен Қызылағаш оқиғасынан кейінгі   «Табиғи апатқа дайынсыз ба?» деп аталған университет деңгейіндегі оқу жаттығу ретіндегі қойылым болды, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, сақтық шаралары, улы қосындылардан сақтандыру, терроризм әрекеттеріне және өртті ауыздықтауда біздің студенттер өз біліктіліктерімен дайындықтарын көрсете білдік.

1986 жылғы қанды қозғалыстың өткеніне 20 жыл болыпты. Егемендіктің 20 жылдығына байланысты    атты жігерлі жас Қайраттың өмірінен үзінді қойылып, сол бір қыстың ызғарлы күнінде алаңға шығып, шындықты жария салған жастарды еске алып, үнсіздік жариялап, патриоттық рухтағы тағы бір кезектегі кешті өткіздік.  Көптен  күткен жаңа жыл кешін де сипаттамау болмас,  «Аш қасқыр мен тапқыр қоян болып» Аяз ата мен Ақшақар би билеп, ән салып, қызыл қоржынындағы тәтті кәмпиттерді оңды-солды шашып, мыстан кемпірдің арбауына алданбай шырша отын уақтылы үлгеріп жағып, би кешіне ұластырған сиқырлы пері де кеш қызығын әсерлеп әкетті. «Қазақ халқының тілі мен салт -дәстүрлері » атты кешті біздің студенттеріміз өз ұлтын құрметтеп, салт дәстүрін жетік білетіндерін 2 топ болып, өз ұрандарын сайлап, сөз шеберліктерін көрсетіп, өнерлерін ортаға салып сайысқа шықты. Ұлтымыздың негізгі салт дәстүрлері тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесуден бастап, бесікке салу, сүйінші қадау, ат шабтыру, құда түсіп, құйрық бауыр асатып, сырға салу, көкпар беру, асық ойнап, ақ сүйек тастап, алтыбақан тебу осы сайыста көрсетілді. Бұл мерекеге университетіміздің Жалпы медицина  факультетінің деканы Р.Т.Жұмашева факультет орынбасарларымен және физиология, анатомия  кафедраларының аға кураторлары шақырылды.

Келесі мереке Қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибрахим) Құнанбаевтың туғанына 165 жылдығына орай өткен «Абай шығармалары» атты ән-жыр кеші болды. Абай мен Әбдірахман арасындағы   «Әке мен бала» әңгімесін тыңдағанда сол Абай заманына барып қайтқандай болдық. Абай еңбектерінен көрме ұйымдастырылып, қара сөздері оқылып, «Көзімнің қарасы» шырқалды. Кафедрамызда Көктем жыл басы деп Наурыз мейрамы да ән-күйімен еленіп «Армысың Әз-наурыз» кеші болып, Аналар мейрамы да мерейлі тұрғыдан аталып өтті.

Жеңіс күні де ескерусіз қалған жоқ, кураторлар өз студенттерімен еске алу кешін ұйымдастырып, баласынан қара қағаз алып, ақ жаулықтың астында шашы ағарған  «Ана туралы» қойылымдарын көрсетті.

Біздің кафедрамызда қандай кеш өтсе де бағдарламалар, презентациялар жасалып, электронды түп нұсқалары сақталады.

Елеулі оқиғалардан қалып қоймай, жастарды білім мен ғылымға бейнелеу кезеңінде оны тәрбиемен ұштастырып, ой-өрістің рухани баюына үлес қосу тікелей міндетіміз деп білеміз.