Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!

                                 Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!

2015 жылдың 18-ші наурызында қалыпты физиология кафедрасында кафедраның сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің ұйымдастыруымен «Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел пікірталасына Университетіміздің Этикалық Кеңесі, Жалпы медицина факультетінің деканаты, «Базалық пәндер» департаменті, «Студенттердің әлеуметтік-мәдени құзіретін дамыту» департаменті және «Антикор» студенттік ұжымының өкілдері шақырылды. Сондай-ақ, пікірталасқа кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы және жалпы медицина факультетінің 2 курс студенттері қатынасты. Дөңгелек үстел бағдарламасы бойынша кафедраның сыбайлас жемқорлықққа қарсы кеңесінің төрағасы профессор А.Д. Соколов алғашқы сөзімен пікірталасты ашты. Профессор А.Д. Соколов өз сөзінде студенттерге кафедрадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің құрамын, жұмысын айтып өтті. Келесі сөз ректордың кеңесшісі, профессор Ж.Ғ. Мустафинаға берілді. Профессор Ж.Ғ. Мустафина сыбайлас жемқорлықтың салдарларын, білім беру жүйесі және университет қабырғасындағы сыбайлас жемқорлық жағдайларын және болашақ дәрігерлерге оның тигізетін зиянды жақтарын баса айтты.         Профессор  Ж.Ғ. Мустафинаның  университет қабырғасында студенттердің білім алу барысында сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, болашақта да  үлкен қателіктерге бой алдырмай, дәрігер деген атқа кір келтірмей, ақ халатты жандардың жаны, рухы таза әрі кіршіксіз болулары жайында айтқан сөздерін  қатысушылар қызығушылықпен тыңдады.

Жалпы медицина факультетінің 2 курс студенті, «Антикор» студенттік ұжымының мүшесі А.Ермекбай «Жемқорлықтың қоғамдағы айналымы» атты баяндама жасады. А. Ермекбай өз баяндамасында жемқорлықтың қоғамдағы қалыптасу себептеріне және оның қоғамдағы алатын орнына кеңінен тоқталды. Келесі кезекте, жалпы медицина факультетінің 2 курс студенті Е. Қамидолла «Жемқорлық және медицина» тақырыбында баядама жасады. Баядамада жемқорлықтың медицина саласындағы рөлі жайындағы сұрақтар кеңінен талқыланды. Пікірталас барысында студенттер өз ойларын ортаға салып ашық жеткізіп, қызығушылықтары мен белсенділіктері артып үлкен әсерленіспен өтті. Дөңгелек үстел соңында кафедраның жемқорлыққа қарсы кеңесінің төрағасы профессор А.Д. Соколов студенттерге мынадай үндеу жасады: Құрметті студенттер! Сендер бүгін көптеген үлкен ауқымда әрі сендерге ой салатын ақпараттар алдыңдар. Сендердің әрқайсыларың жеке тұлғасыңдар әрі біздің Университетіміздің студенті боласыңдар. Әр уақытта адал, шыншыл, еңбекқор, әділ және өз істеріңнің маманы болыңдар. Әрқашанда С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің берген білімін жоғары ұстаңдар!