Жалпы медицина факультеті студенттік үкіметінің ұйымдастыруымен өткен Шәмші мен Нұрғисаның мерейтойлық ән кеші

Жалпы медицина факультеті студенттік үкіметінің

ұйымдастыруымен өткен Шәмші мен Нұрғисаның мерейтойлық ән кеші

Бүгін, қараша айының 6-шы жұлдызы университет Аренасында, қазақ халқының біртуар ұлдары, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 90 жылдық және Қазақстанның Халық әртісі,Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың 85 жылдық мерейтойларына арналған,Жалпы медицина факультеті студенттік үкіметінің ұйымдастыруымен өткен ән кеші болды. Концерт барысында сазгер ағаларымыздың құлақтың құрышын қандыратын әндері шырқалды. Айта кететін болсақ, күллі қазақ білетін Шәмші Қалдаяқовтың «Отырардағы той», «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Алғашқы махаббат», «Ана туралы жыр» сынды әндері, ал Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім!» мен «Құстар қайтып барады» әндері шырқалды. Еліміздің тарихында, қазақ өнерінде аты алтынмен жазылған, дана да дара ағаларымыздың өнері мен сіңірген еңбегіне тағзым ретінде концертті тамашалаушы барша көрермендер Шәмші ағамыздың «Кешікпей келем деп ең» әнін хор жанрында, домбыраның сүйелденуімен орындады. Аталған әндерді қазақ жастары ғана емес, әуенге құлағы шалынған шет елдік достарымыз да бұрыла келіп тыңдады.Әр әндерінің сөздері мен мелодиясы жүректі елжіретіп, бойды баурап алды. Міне, күллі даланы әні мен күйлерімен тербеткен ағаларымыздың«құдіретін» не деген керемет десеңізші?! Сондықтан, құрметті оқырмандар, әрқашан сапалы әрі мағыналы әндер тыңдайық!