«Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік»

Тәуелсіз ел болғанымызға міне 21 жыл болды. Азаппен келген азаттық, тәуекелмен келген тәуелсіздіктің 21 жылдық мерейлі мерекесі Қазақстандықтар үшін аса құнды, әрі маңызды тарихи оқиғаның бірегейі. Тарихи  маңызы зор мерейтойларды ерекше атап өтудің де мәні терең. Осы жылдың   желтоқсанының жетінші жұлдызында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің  “Қалыпты физиология”  кафедрасының оқытушысы Тюльпан Орысбайқызы және Гүлмира Құдайбергенқызы мен жалпы медицина факультетінің 009,004,033 топ студенттерінің ұйымдастыруымен  «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік»  атты шығармашылық жыр кеші өтті.Кеш қонақтары қалыпты физиология кафедрасының ұстаздары. Кешті жүргізген Қасенов Ғалымжан,   салтанатты кеш әнұранмен ашылды.  Бағдарламаның ортасына қарай  желтоқсан  құрбандары болған қыршын жастардың бостандық үшін күрескен сәттерінен бір үзінді қойылды. Бұл үзінді азаттық үшін күрескен Қайрат Рысқұлбековтың өмірден кеткен сәттері еді. Желтоқсан оқиғасына байланысты көріністе студенттер бар өнерлерін паш етті.Көріністен кейін Қасенов Ғалымжан еліміздің ақиық ақыны Мұхтар Шахановтың  «Желтоқсан» атты  өлеңін оқып,ел жүрегін тебірентті.

Ары қарай кеш қонақтары мен қатысушылары  1986 жылы желтоқсан құрбандарын құрметтеп 1 минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатты кеш «Әке толғауы» әуеніне Еркінқызы Алина және Токбулатова Айгерим орындауында әдемі де сәнді қазақ биімен және Ыбырай Ақылбектің орындауындағы “Желтоқсан желі” атты  ән шашумен жалғасты.Ташметов Сардор. Мұқағали Мақатаевтің “Туған жер”атты өлеңін мәнерлеп оқып, көрермен қауымның жүрегіне жыр ұялата білді. Университетіміздің әншілері Арнұр Гусманов, Бөріхан Ерболат,Гульдерай хор тобының орындауында көптеген  әсем әндер шырқалды.

Бағдарламаға сонымен қатар Республикамыздың тәуелсіздік алған жылдардан бастап осы күнге дейінгі кезең, мемлекетіміздің дамуы мен жетістіктері туралы Махатбек Мөлдірдің баяндамасы енгізілді. Бұл біздің  ұлан байтақ теңіздей қазақ тарихының бастан кешкендерінің тамшысы ғана болсада,осы 21 жылдың ішінде Қазақстанның дамып өркендеуін мақтан тұтамыз. Кештің соңына таман Аронова Арайлымның орындауында «Балбырауын» күйі күмбірлеп, Балжанның орындауында«Көк тудың желбірегені» әнімен қорытындыланды. Ең соңында осы әдемі кешті ұйымдастырушы,тарихты тереңінен ақтарып,студенттердің жүрегіне жол таба білген қалыпты физиология кафедрасының ұстазы Тюльпан Орысбайқызы сөз сөйледі.Тамаша кештен түйгеніміз мақсаттары мен армандары тоғысқан жастардың нағыз патриотшыл екендігін байқадық.  Бұл кеш студенттердің отан сүйгіштік,  патриоттық сезімдерін оятып, еліне,жеріне деген махабаттын оятты. Қорыта айтқанда бұл кеш өз тақырыбы мен мақсатына жетіп, студенттерге мол тәлім-тәрбие берді деуге болады.

 

Жалпы медицина факультетінің 2 курс 009-1к студенті Аширов Азамат