«Ана-өмірдің шуағы»

Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл — бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі.  Мереке қарсаңында 6 наурыз күні «Медициналық биофизика және биостатистика» модулінің тьюторлары З.К.Умирбекова және Г.К.Нуртаевалардың ұйымдастыруымен «Стоматология» факультетінің №5 жатақханасында «Ана-өмірдің шуағы» атты кеш өтті.

Анасыздар,  кең  байтақ  даласыздар.
Жаны  жайсаң  жеңімпаз  данасыздар.
Көлеңке  жоқ  көңлінде,  қылауы  жоқ,
Үлбіреген  жауқазын  баласыздар.

Сіздер — Күн, аспанда жарқыраған,
Сіздер — Өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер — ана, сіздер — жар, сіздер — қыздар,
Сіздер —  жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған-деп ақындарымыз жарлаған.

Кешке «Жалпы медицина» факультетінің 12-026,  12-027 және 13-003, 13-002 топ студенттері қатысты. Кеш қонағы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның 2 курс студенті Искакова Асем тамылжыта күй орындады. Жапанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналардың құрметіне Чайковский атындағы музыкалық колледждің студенті Қалдыбек Балнұрдың орындауындағы «Ана» әнін және №105 мектеп-гимназияның 6 сынып оқушысы Жақсынбек Мақсаттың орындауындағы Дәулеткерейдің «Түркімен күйін» көрермендер жылы қабылдады.  Кеште 1 курстың 003-2 топ студенттері Дәуірбай Жұлдыз «Ана жүрегі» әнін орындаса,  Мамбетова Айнұр  «Соқыр ана» атты монологын оқыды. Сонымен қатар көрермендер бар ықылыаспен 12-026 топ студенті Қойбағар Марғұланның орындауындағы «Көңілашар» күйі мен 12-027 топ студенті Шаһзандаева Ализаның орындауындағы «Анашым» өлеңін тыңдады. Кеш соңында қонақтар мен көрермендер қосылып «Анаға сәлем» әнін бәріміз бірге орындады.

Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды.

Университет  аруларын мерекемен құттықтаймыз. Сіздерге шын жүректен бар жақсылық, сыр бермес денсаулық, өмірдің шапағатын тілейміз. Әрдайым мейірім шуағын шашып жүре беріңіздер.