7 сәуір — Дүниежүзілік денсаулық күні

1946 жылы БҰҰ-ның жанынан құрылған халықаралық медициналық мекеме. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының жарғысында бекітілген негізгі мақсаты — жер бетіндегі барлық халықтардың денсаулығын жақсартуға қол жеткізу. ДДСҰ-ның жарғысы қабылданған күн (1948, 7 сәуір) Дүниежүзілік денсаулық қорғау күні болып аталады

Ауырып ем іздегенше,

Ауырмайтын жол ізде.

Бірінші байлық – ден­сау­лық. Бірақ осы сөз­дің салмағын, жүк­тер жауап­кершілігін кө­бі­не сезбейтін де, мойын­да­май­тын да сыңайлымыз. Айтылған сәт­те көңілімізге қонады, құ­ла­ғымызға жағады. Сөйтіп, күн­дердің күнінде бір арыл­мас дертке шалдығып, са­ны­мызды соғамыз. Ден­сау­лық – тән, рухани және әлеуметтік игіліктің жиынтығы.

Дүниежүзілік денсаулық күнінің басты тақырыбы – Гипертония «Қаныңыздың қауіпсіздігі – көпшілік өмірін құтқарады» ұранына негізделген. Дүниежүзілік күніне арналған іс-шаралардың өткізілуі, адам өмірінде денсаулықтың өте маңызды екендігін ұғындыру. Қазіргі қоғамның негізгі мәселесіне айналған гипертония немесе жоғары қан кысымы инфаркт, инсульт және бүйрек жетіспеушілігінің  даму қаупін жоғарлатуда.

Дер кезінде бақыланбаған гипертония соқырлыққа, аритмия және жүрек жетіспеушілігіне алып келуі мүмкін. Әлемдегі әрбір үшінші ересек адамда гипертония ауруы байқалады. Жас ерекшелігіне қарай гипертониямен ауыратын адамдардың үлесі артуда, мәселен, 20 дан 40 жасқа дейінгі он адамның біреуі, ал 50 ден 60 жасқа дейінгілерде он адамның бесеуі осы аурумен ауырады.

Қазақстанда артериалық гипертонияның өсу үрдісі сақталуда. ҚР статистикалық агенттігінің деректеріне сәйкес 2010 жылы 100 мың адамға шаққанда 913,8 артериалық гипертония аурулары оқиғасы тіркелсе, ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 1035,0- ге жеткен.

Темекі шегу, ішімдікке салыну, есірткіні қолдану, еңбек және демалу тәртібін дұрыс сақтамау, стрестік жағдайда өзін дұрыс басқара алмау, өз денсаулығына немқұрайлылық салдарының ең байыптыларының бірі болып табылады. Созылмалы жұқпалы емес ауруларымен (СЖЕА) ауыратындар дер кезінде дәрігерге қаралмаса, онда жүрек қан тамыры ауруларының саны артады, өмір сапасы мен ұзақтығы төмендейді.

Осыған орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау күніне С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің Жедел медициналық жәрдем беру кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы мен жалпы медицина факультетінің 5 курс студенттері қатысты.

Акция 07.04.13 ж сағат 12.00-15.00 Алматы облысы Өтеген батыр кенті Іле аудандық орталық аурханасында өткізіледі.

Ұйымдастырушы: Жедел медициналық жәрдем беру кафедрасы

Жауапты: асс. Калхожаева Ж.А.