«Жаңа жыл-жаңа қадам, жаңа бағыт»

Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен  аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын ең сүйікті мерекеміз. Осы мерекеге орай  ағымдағы жылдың желтоқсан айының жиырма алтыншы жұлдызында С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің  “Қалыпты физиология”  кафедрасының оқытушысы Ардақ Нұрғалиқызы және Балжан Абдрамбекқызы мен жалпы медицина факультетінің 11-008,11-005 топ студенттерінің ұйымдастыруымен  «Жаңа жыл-жаңа қадам, жаңа бағыт»  атты шығармашылық кеш өтті. Кеш қонақтары қалыпты физиология кафедрасының ұстаздары. Кештің жүргізушілері: Дүйсенбай Әділет пен Жумашева Әсия. Мерекеміз хан сарайында өткізіліп жатқан кеш ретінде ұйымдастырылды. Өзінің құттықтау сөзімен “Қалыпты физиология” кафедрасының меңгерушісі Александр Дмитриевич кешіміздің шымылдығын ашып берді. Мерекелік кешіміз 11-008 тобының ару қыздарының жаңа жылдық көңілді биімен басталды. Бағдарламамыз бізді құттықтап әр елдің өкілі ретінде келген қонақтарымыздың ән-шашуымен, мың бұралған бишілердің биімен жалғасты. Испан елінің өкілдері ретінде келген Гүлжахан мен Әбдімәжит, Гаухар мен Әділет испан биін билеп, Корей елінің өкілі ретінде келген қонақтарымыз  керемет даусымен ән шырқап, заманауи кәріс биін билеп мың бұралған Сана, Ресей елінен бізді құттықтауға келген өкілдер ретінде орыс тілінде әнмен шашу шашқан Өмірханқызы Аят пен Ерболат, қазақтың күмбірлеген күйіне би билеген Маржан, барша жиналған қауымды жаңа жыл мерекесімен құттықтап ән шырқаған Жумашева Әсия көрермен қауымның көңілінен шыға білді. Жаңа жылдық кешіміздің сәнін кіргізген кейіпкерлеріміз: Аяз Ата(Сәрсенбеков Азат) мен Қарша қыз(Садық Аида). Қонақтармыздың көңілін көтеретін қызықты ойындар ойнатылды, ойынға студенттер мен қатар кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Барша өнерпаздарымыз бен ойынға қатысушыларға Аяз ата сыйлықтарын үлестірді. Кеш соңында Әйгерім  «Happy new year» әнін орындап, осындай мерекелі кешімізді өткізуге себепкер болған аяулы ұстазымыз Ардақ Нұрғалиқызы жиналған қауымды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, қорытынды сөз сөйледі. Кешіміз қызықты да көңілді өтті.

Жаңа жыл! Кіріп келген жылан жылы тіршіліктің барлық иелеріне жаңа үміт, қуаныш, ерекше махаббат сыйлайды. Сол махаббат пен, қуаныш пен үміт әрбір жанның жүрегінің төрінде болсын. Мерекелік кештің қуанышқа толы көңілді сәттері жыл бойына әрбір шаңырақта сақталсын. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын!

 

Жалпы медицина факультетінің 2 курс 008-1к студенті Жумашева Әсия