ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ – 70 ЖЫЛ

Адамзат тарихындағы ең қатыгез соғыс – Ұлы Отан соғысының аяқталып,  Жеңіс туы желбірегеніне биыл 70 жыл толып отыр. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 500 ден аса жерлестеріміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Жауға қарсы шайқастар алдыңғы шептегі ұрыстарда ғана емес, алыстағы ауыл мен кең байтақ далада да жүріп жатты.

Айтулы мереке қарсаңында  «Медициналық биофизика және биостатистика» модулінің тьюторлары З.К.Умирбекова, Г.К.Нуртаева және В.О.Абдрасиловалар студенттер арасында «ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ – 70 ЖЫЛ» атты қабырға газеттерінің сайысын өткізді.  Кеш майдан даласында, болашақтың бақытты үшін өз өмірлерін құрбан еткен аталарымыздың рухтарын еске түсіру үшін 1 минут  үнсіздікпен басталды. Әлия Молдағұлова туралы деректі фильм мен студенттер дайындаған Ұлы Отан соғысындағы қазақстандық батырлар мен жауынгерлер туралы мағұлыматтар беретін презентация көрсетілді. Кеште СТ-14-05 топ студенттері  Д.Есимбек, С.Диханова және ЖМ-14-22 топ студенттері А.Мелис, А.Иьляс  елін, жерін қорғаған майдангерлер туралы өлең жолдарын оқыды.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі  орындарды «Стоматология»  және «Жалпы медицина» факультеттері студенттері еншіледі. Қалған сайысқа қатысқан жұмыстар сертификаттармен марапатталды.

Отан үшін жанын қиғандарды еске алып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы болып қала бермек.

Бейбіт өмірді әкелген ардагерлеріміз әрқашан аман болғай!

Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!