Профессор Жауғашты Байназарұлы Ахметов 70 жаста

Ж.Б Ахметов 1944 жылы Өзбекстандағы Тамды ауданының Керізбұлақ елдімекенінде дүниеге келді. 1966 жылы Самарқанд медицина  институтын үздік дипломмен бітіріп, сол институттың патологиялық анатомия кафедрасында жұмысқа қалдырылды, 1971 жылдан медицина ғылымдарының кандидаты. С.Ж Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде 1979 жылдан бері қызметте. Ж.Б Ахметов патология терминдерін қазақша сөйлеткен бірінші Ғалым. Алғашқы «Патологиялық анатомия» оқулығы (1993ж) жазылған кезде Қазақстанда, медицина саласында, қазақ тілінде жазылған бірде-бір оқулық жоқ болатын, бұл оқулық Денсаулық сақтау министірлігінің арнайы сыйлығына ие болды. 1994 жылы «Ана тілі» газетінде Ж.Б Ахметов ұсынған 145 медициналық терминдердің тізімі жарияланды. Сол жылы «Патологиялық анатомия терминдерінің «Орысша-латынша-қазақша түсіндірме сөздігі », ал 1995 жылы «Патологиялық  анатомия » оқулығының жеке бөлімі баспадан шықты.

Ж.Б. Ахметов 1992-1996 жылдар аралығында Ұлт жанашыры есебінде Халықаралық  қазақ-түрік университетінде ХҚТУ медицина факультетінің физиология, патологиялық физиология және патологиялық анатомия кафедраларының меңгеруші болып жұмыс істеп, ұлттық кадрлар дайындады.

1996 жылы ХҚТУ профессоры болып сайланды. Ж.Б Ахметов Республикалық терминология  комитетінің мүшесі ретінде медициналық сөздіктер  жазуға үзбей атсалысып келеді. КазҰМУ- тінде дайындалған «Орысша- қазақша медициналық сөздіктің»(Алматы, 1999,242 бет), «Орысша-қазақша, қазақша-орысша медициналық сөдіктің» (Алматы, 2003, 352 бет), «Ағылшынша-қазақша медициналық сөздіктің» (Алматы, 2003, 600 бет),белді бір авторы. 2003 жылдан бері ҚазҰМУ профессоры. Осы еңбектерін есепке ала отырып  Ж.Б Ахметовті «Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығы» Ахмет Байтұрсынов атындағы «  Саңлақ автор» медалімен марапатталып, «Жыл оқытушысы» (2004), деп таныды. 2005 жылы Москва ғалымдарымен қосылып «Гистология, цитология және эмбриология атласын» (Москва- Астана, 2005,400 бет ) шығарды, бұл 403 түрлі-түсті суреттермен безендірілген, дүниежүзілік деңгейде жазылған оқу құралы.

Ж.Б. Ахметов патологиялық анатомия саласының білгірі, 10 жыл қатарынан Алматы Денсаулық сақтау департаментінің бас маманы болды. 2004 жылы медицина саласындағы ерен еңбектері үшін Денсаулық сақтау министірлігі Ж.Б. Ахметовті «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген  төс белгімен марапатталды.

Патологиялық анатомия оқулығы 2004,2008,2012 жылдары қайта басылып шықты. Соңғы оқулықтың көлемі 742 бет. Оқулық « Қазақстан Жоғары оқу орындары қауымдастығы» тарапынан басылып шыққандықтан Қазақстанның барлық медициналық жоғары оқу орындарына және белгілі  университеттеріне  таратылды.

Ж.Б. Ахметов Білім және ғылым министрлігінде «Ұлттық тестілеу орталығының » тұрақты сарапшысы. 2008 жылы Қостанай қаласына ПГК төрағасы болып барған. Қазіргі таңда «Ұлттық тестілеу орталығының » медицина бойынша сарапшысы болып жұмыс істейді.

2014 жылы Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының тапсырысымен жаңа, көп салалы, көп томдық « Орысша- қазақша, қазақша-орысша сөздік» шығады,- соның бір авторы да   Жауғашты Байназарұлы Ахметов.

Қазіргі таңда Ж.Б.Ахметов, патологиялық анатомия модулі кафедрасының меңгерушісі, 140-тан астам ғылыми жұмыстардың авторы, «Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында» 12 мақаласы шыққан, Изобретатель СССР(1987), екі медицина ғылымдарының кандидатын дайындаған, 3-ғылыми жоба  бойынша жұмыс істеуде. Ж.Б.Ахметов Көкшетау облысы обкомының, Алматы қаласының Бостандық ауданының, Алматы қалалық Денсаулық сақтау департаментінің, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының алғыс хаттарымен марапатталған.