Желбіре Жеңіс жалауы

Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің  №2 жатақханасында  2012 жылдың  11 мамыр күні «Желбіре, жеңіс жалауы!» атты  9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған мәдени іс-шара өткізілді. Кештің жүргізушілері – Нұрмахамбетұлы Нұрғали және Ауезханова Назкен болды. 1-ші бөлімінде соғысқа аттанған солдаттардың ата-аналарымен, қарындастарымен, сүйген жарларымен қоштасуларын суреттейтін, соғыс бітіп жеңіске жетіп, солдаттардың үйлеріне қайта оралуларын бейнелейтін  көріністер қойылды. Студенттік Кеңес төрайымы – Былташ Салтанат «Ғайша жеңгей» атты өлеңін оқыды. Ақ халатты абзал жан болуды армандап, арманына жете алмай, соғысқа аттанып, таудай жігерлікпен Отанын қорғаған, Медицина Университетінің студенті Мәншүк Маметова еске алынды. Ауезханова Назкен  өз шығармашылығынан «Сәби-Ана» атты өлеңін оқыды. Соғыста әр жылы болып жатқан жәйттер студенттердің назарына ұсынылды. 1-ші бөлімнің соңында «День Победы» әні хормен орындалды.

Кештің 2-ші бөлімі жатақхана ұлдарына арналды. Жатақхана қыздары концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Ән-би, пародия  нөмірлері қойылды. Жатақхана ұлдары қыздарға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

Студенттік кеңесінің ақпарат секторы

Аблаева Айгерим